Елдегі газ инфрақұрылымы нысандарында қауіпсіздік шаралары күшейтілуде. Жамбыл облысындағы «Ақыртөбе» жерасты газ қоймасы базасында «QazaqGaz» компаниясының ауқымды оқу-жаттығуы өтті. Мамандар ең күрделі апаттық жағдайлардың бірі – ашық газ-су бұрқағын жою іс-қимылдарын пысықтады.


Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес, №23 ұңғыманың сағасында герметикалықтың бұзылуы орын алып, жоғары қысыммен газ-су бұрқағы атқылады. Дабыл қағылған сәттен бастап апаттық-құтқару қызметі, өрт сөндірушілер, жедел жәрдем бригадалары, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары оқиға орнына жедел жетті. Қатысушылар жедел штаб құрып, қызметкерлерді қауіпсіз жерге көшіріп, арнайы бекіту жабдықтарының көмегімен шартты апатты оқшаулауға кірісті.