Жүргізушілер сақ болыңыздар. Енді, жолдағы әр қателік назардан тыс қалмайды. Себебі жүргізушілерді тек патрульдік көлік емес, көктен қалықтаған дрондар да бақылап жүр. Қарсы жолаққа шығу, қауіпсіздік белдігін елемеу, рөлде телефон қолдану – бәрі бір сәтте тіркеледі. Заманауи технология мен күшейтілген бақылаудың нәтижесі де бар.
Жыл басынан бері жол-көлік оқиғалары 12,6 пайызға азайып, қаза тапқандар саны 7,1%-ға, ал зардап шеккендер саны 11,8%-ға төмендеді. Әсіресе, жол апаты жиі тіркелетін қауіпті учаскелер дрондардың жіті бақылауында. Ақылды құрылғы қарсы жолаққа шығу, басып озу сияқты жол ережесін бұзу деректерін қалт жібермейді. Деректер бірден біріңғай базаға түседі. Кейін жүгенсіз жүргізушіні жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, полицейлер профилактикалық жұмыстарды да күшейткен. Әсіресе, транзиттік көліктер мен жолаушылар тасымалдайтын автобустардың жүргізушілеріне ерекше көңіл бөлінеді. Оларға жылдамдық режимін сақтау, еңбек және демалыс тәртібін бұзбау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жол бойындағы дәмханалар мен кемпингтерде арнайы жадынамалар таратылады.