Мас күйде мопедпен қашпақ болған жүргізуші 20 тәулікке қамалды. Тараздағы Қ. Тұрысова көшесінде патрульдік қызмет атқару барысында полиция қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінсіз жүрген мопедті байқады.
Полицейлердің көлік құралын тоқтату туралы заңды талабына жүргізуші бағынбай, оқиға орнынан қашуға әрекеттенген. Алайда, қысқа уақытқа созылған қудалаудан кейін тәртіп сақшылары оны ұстады. Жүргізушімен сөйлесу барысында полиция қызметкерлері оның масаң күйде екенін байқап, медициналық куәландыруға жіберді. Сараптама қорытындысына сәйкес, азаматтың орташа дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Құқық бұзушыға қатысты көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарғаны, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарғаны және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ 20 тәулікке қамалды ал мопед айып тұрағына қойылды.