Жамбыл облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті «ENVIDA AI» қаржы пирамидасын құру және оған жетекшілік ету фактісі бойынша тергеп – тексеру жүргізуде. Тергеу мәліметінше, жоба ұйымдастырушылары WhatsApp мессенджері арқылы «Envida ai» атты топтар ашып, азаматтарды тұрақты әрі жоғары табысқа кенелеміз деп сендіріп, белсенді түрде тартқан.

Жобаның маркетингтік жүйесі көпдеңгейлі құрылымға негізделген. Мұнда негізгі табыс жаңа салымшыларды тарту арқылы қалыптасқан. Сонымен қатар, жоба өзін халықаралық экожүйе ретінде таныстырып, нақты активтерге инвестиция салатынын мәлімдеген. Нәтижесінде қаржы пирамидасына 370-тен астам салымшы тартылған. Қатысушылардың географиясы еліміздің алты өңірін қамтиды. Атап айтқанда, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстары және Алматы қаласының тұрғындары тіркелген. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып жатыр.