Қазақтың қасиетті даласында ғасырлар бойы ұрпақтан - ұрпаққа жалғасқан ұлы мұра бар. Ол — ақ батаның құдіреті. «Батаменен ел көгерер» деген дана сөздің терең мәні Мойынқұм төрінде айшықталды. Көнеден жеткен тағылым мен тектілікті арқау еткен аудан ақсақалдары бас қосып, ұлт руханиятын ұлықтаған батагөйлер байқауында бақ сынады.

Аудандық ақсақалдар кеңесінің ұйымдастыруымен «Батаменен ел көгерер» атты аудандық батагөйлер байқауы өтті. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ата дәстүрдің маңызын дәріптеген тағылымды шараға ауданға қарасты 16 ауылдың ақсақалдары қатысып, өзара бақ сынады. Байқаудың басты мақсаты – ұмыт бола бастаған бата беру дәстүрін жаңғырту, жастарға өнегелі сөздің қадірін түсіндіру және ұлт руханиятын насихаттау.