Ер есімі ел есінде. Елі үшін елеулі еңбек еткен жандардың есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Байзақ ауданы Көкөзек ауылында мемлекет және қоғам қайраткері Төребай Ақбозовты еске алу шарасы өтті.

«Нар тұлғалы -Төребай Ақбозов» атты еске алу шарасында қоғам қайраткерінің шәкірттері мен ауыл азаматтары оның елі мен жері үшін сңірген ерен еңбектеріне тоқталды. Әулиета өңірінде өткен ғасырдың 1930 жылдары алғашқы кәсіби агроном атанған ол ауылшаруашылығы саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан. Білімділігі мен біліктілігінің арқасында сол кездегі елді-мекендерден ашылған МТС-ті басқарып, аудан басшылығына дейін сатылап өсіп, сол кездегі КСРО жоғарғы кеңесіне депутат та болып сайланған. Облыстық ауылшаруашылығын 6 жылдай басқарғанда мал және егін шаруашылығынан еңбеккерлер рекордтық көрсетішке қол жеткізіпті. Ғалымдармен тікелей байланыс ұстай отырып, бұл салаға ғылыми тәжірибені кеңінен енгізіпті.