Бүгін тағы бір оқу жылы аяқталды. Тағы бір буын мектеппен қоштасып, жаңа өмірге қадам басқалы тұр. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараздағы №1 гимназияда өткен соңғы қоңырау салтанатына қатысып, жас түлектерге сәт сапар тіледі, шәкірттерін білім нәрімен сусындатқан ағартушыларға алғыс білдірді.

Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың есімімен аталатын білім ордасының басқалардан өзгешелігі – Республикалық үздік жүз мектептің қатарында. Биылғы оқу жылын мұнда 102 түлек тәмамдайды. Олардың сегізі «Алтын белгіге», тағы 10 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Осындай жетістіктердің артында ұстанымы биік ұстаздар қауымы тұр. Әкім оларға ерекше алғыс білдірді.