Туған жер талант иесін айрықша құрметпен қарсы алды. Сарысу өңірінде жазушы, сазгер Ілия Жақановқа арналған шығармашылық тұрғын үйдің салтанатты ашылуы өтті. Қаламгердің кіндік қаны тамған Ақтоғай ауылындағы жаңа нысанда оның жеке тұтынған бұйымдары, сирек фотосуреттері мен рухани мұрасы көпшілік назарына ұсынылды. Мерекелік шара кейін аудан орталығында жалғасып, арнайы шығармашылық концертке ұласты.

Ақтоғай жұрты бұл күнді көптен күткендей. Ауыл іші мерекелік көңіл күйге бөленіп, ағайын ардақты тұлғаны ақ тілегімен қарсы алды. Ақ жаулықты аналар шашу шашып, жаңадан ашылған шығармашылық үйдің кілті салтанатты түрде табысталды. Бұл нысан қаламгердің өмір жолы мен шығармашылық әлемін танытатын рухани ордаға айналмақ.