Сарбаздар әскери ант қабылдауға қызу дайындалып жатыр. Алдағы сенбіде өтетін салтанатты рәсім «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты Меркі және Луговой гарнизондарында өтеді. Бір ай бойы әскери машықтарды меңгерген жас жауынгерлер қазір саптық дайындықтарын шыңдап, қарумен жұмыс істеу тәсілдерін жетілдіруде.

Бұл — Меркі ауылында орналасқан мотоатқыштар батальонының сарбаздары. Жас жауынгерлер қазір әскери ант қабылдау рәсіміне тыңғылықты дайындалып жатыр. Плацтағы саптық дайындық күн сайын шыңдалып, әр қимылды нақты әрі үйлесімді орындауға машықтануда. Мұндағы басты мақсат әдемі көрініс көрсету ғана емес, сарбаздарды тәртіпке, бұйрықты бұлжытпай орындауға және бір-бірімен үйлесімді әрекет етуге үйрету.