21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Бұл мереке – ұлт руханиятының өркендеуіне, мәдени мұраны сақтау мен насихаттауға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан мәдениет және өнер саласы қызметкерлеріне құрмет көрсету күні. Осыған орай бүгін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесіп, кәсіби мерекесімен құттықтады. Табиғат аясында ұйымдастырылған іс-шарада бірқатар маман марапатқа ие болып, мерейі тасыды.
Сахна сыртында жүріп, руханияттың шамын сөндірмей келе жатқан мәдениет қызметкерлері бүгін ерекше құрметке бөленді. Әр мекеме дайындаған сахналық қойылымдар бір-бірімен үндесіп, табиғат аясын нағыз руханият мерекесіне айналдырды. Домбыра үні тербеліп, ән мен би көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Облыс әкімі де мерекелік шараға арнайы қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады.