Бүгінде тек облыс орталығындағы ғана емес, алыс аудандардағы білім беру ордаларында да жаңа бастамалар жүзеге асып келеді. Соның бірі ретінде Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан агротехникалық жоғары колледжіндегі оң өзгерістерді айтуға болады. Колледж базасында «AgroFuture Life» ауыл шаруашылығы саласы кластерін дамыту орталығы ашылып, жаңа жоба өз жұмысын бастады.

Іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, аудан әкімі мен сала мамандары, білім беру ұйымдарының өкілдері және колледждің әлеуметтік серіктестері қатысты. Шара телекөпір форматында өтіп, ең алдымен Жамбыл политехникалық жоғары колледжі базасында химия бағыты бойынша жаңа кластер пайдалануға берілді. Кейін Құлан агротехникалық жоғары колледжінде «AgroFuture Life» ауыл шаруашылығы саласы кластері аясында агробағыттағы жаңа оқу кабинеттері ашылды.