Бүгін Астанада «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев симпозиумның ашылу салтанатында сөз сөйлеп, «Алтын Орда жылнамасы – адамзатқа ортақ тарих» екендігін айтты. Іс-шараға әлемнің 20-дан астам елінен делегация қатысты. Олардың қатарында тарихшы-медиевистер, археологтар және басқа да білікті сарапшылар бар. Президент мемлекет ісінде «Мәңгілік ел» идеясын ту еткен Алтын Орданың тікелей мұрагері екенімізді айтып, Алтын орданың зияткерлік мұрасын зерделеудің маңызына назар аударды.
«Алтын Орда қуатты империя болғанына ешқандай тарихшы күмән келтірмейді. Алтын Орда – Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын еркін жайлап, Ұлы дала төсінде билік құрған қуатты империя болғанына ешқандай тарихшы күмән келтірмейді, бұл – мойындалған тарихи дерек. Алтын Орда Батыс пен Шығысты жалғап, түрлі өркениеттердің дамуына, мемлекеттердің қалыптасуына ерекше ықпал еткен аса ірі саяси құрылым болды. Бұл да – дәлелденген дерек. Сондықтан Алтын Орда тарихы көптеген іргелі зерттеулерге арқау болғаны анық. Дегенмен бұл тақырып әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ, меніңше, ешқашан жоғалтпайды