Бір кездері ғылыми фантастикаға баланған технологиялар бүгінде күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Қазір әлем алақандағы смартфонға сыйып, адамдар мыңдаған шақырым қашықтықты санаулы секундта еңсере алады. Алайда әрбір қоңырау мен хабарламаның ар жағында байланыс жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп жүрген мамандардың ерен еңбегі жатыр. 17 мамыр- Байланыс қызметкерлері күніне орай.

Қордай ауданында сапалы әрі үздіксіз байланысты қамтамасыз ету жолында ондаған маман еңбек етеді. Олардың қатарында операторлар, электриктер мен электромеханиктер бар. Солардың бірі — жергілікті желілік техникалық цехтың инженері Магнат Оңгелдиева. Ол байланыс саласындағы еңбек жолын 2008 жылы Тараз политехникалық колледжін тәмамдағаннан кейін бастаған. Кейін жоғары білім алғанымен, маман ретінде шыңдалуына өндірістегі тәжірибе үлкен мектеп болды. Еңбек жолын сату бөлімінің операторы қызметінен бастаған жас маман алғашқы клиенттермен жұмыс істеуді меңгеріп, уақыт өте келе техникалық бөлімге ауысты. Бүгінде ол аудан тұрғындарының сапалы байланыспен қамтылуына үлес қосып келеді.