Түркістанда түркі елдері өркениетінің орталығы құрылады. Мұндай ұсынысты бүгін түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Аталған орталық бауырлас елдердің бірлесіп ғылыми-зерттеу жүргізуіне, мәдени жобаларды және білім беру бағдарламаларын нығайтатын жобаларды іске асыруға ықпал етеді. Орталықтың жұмысын ұйымдастыру халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми академиялық әлеуетіне жүктелмек. Айта кетейік, қазір аталған жоғары оқу орнында түркология ғылыми зерттеу орталығы ашылған. Сондай-ақ ұлы ойшыл ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің ілімі мен еңбектері терең зерттеліп жатыр. Ғалымдар алдағы уақытта түркі елдерінің ғылымы мен тарихы, мәдениетінен ақпарат беретін арнайы электронды кітапхана ашуды ұсынып отыр.