Енді оқушылар жасанды интеллектіге сауатты сұрақ қоюды, мәтін жазуды 1-сыныптан бастап меңгереді, ал жоғары сынып оқушылары чат-боттар сияқты күрделі құралдарды өз бетінше жобалай алатын болады. Биылғы жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сынып оқушылары үшін цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект пәні енгізілсе, жоғары сыныптар үшін информатика және жасанды интеллект сабағы оқытылатын болады.

Күні кеше Президент барлық мектептерде жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес Үкімет 1 шілдеге дейін орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің үш жылдық кешенді іс-шаралар жоспарын бекітуі тиіс. Ал, маусымға дейін - қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту үшін пилоттық жоба іске асады. 1-тамызға дейін - барлық мектептерді техникалық жарақтандыру, тұрақты интернетпен қамтамасыз ету мәселелері шешілмек. Қыркүйекке дейін - ЖИ қолдану стандарттары бекітіледі. Қазірдің өзінде мектептерде жасанды интеллектіні қолдану бойынша арнайы ережелер әзірленіп жатыр. Мамандар, ақылды технологияны мектептерде енгізу - мұғалімді алмастыру емес, көмекші құрал ретінде қарастырылуы тиіс дейді.