Еңбек Ері Ілия Жақановтың 90 жылдығына арналған іс-шаралар легі жалғасуда. Бүгін Жамбыл облыстық мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. Туған еліне келген қазақ өнерінің жанашыры, рухани мұраны зерттеуші Ілия Жақанұлы өзінің сарқылмас еңбегін мемлекеттік архивке тапсырды.
Қазақ өнері мен әдебиетіне еңбек етіп, осынау қос саланың дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Қазақстан және Қырғыстан республикаларының өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, композитор, өнер зерттеушісі, суретші Ілия Жақановты өңірдің зиялы қауымы ыстық ықыласпен қарсы алды. Руханият орталығында өткен кездесуге арнайы келген облыс әкімі аппарат басшысы Лесбек Ілебаев мерейтой иесін құттықтап, иығына шапан жапты.