Жеңіс күнінің құрметіне Жуалыдағы Күреңбел ауылында соғыс ардагері, ұстаз Амантай Ұсенқұловты еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы аудандық дзюдо турнирі өтті. 2009–2010 жылы туған спортшылар қатысқан байрақты бәсеке өскелең ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, елге қызмет еткен тұлғалардың өнегелі жолын жас буынға насихаттауға бағытталған.
Турнир барысында боз кілемде белдескен жас спортшылар өздерінің ептілігі мен қайсарлығын көрсетіп, жанкүйерлерге тартысты кездесулер сыйлады. Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде ардагердің өмір жолы мен ел дамуына сіңірген еңбегі ерекше аталып, қатысушыларға патриоттық рух берілді. Аталған спорттық шараны Жуалы ауданы әкімді ұйымдастырды. Финалдық кездесулерде үздік шыққан спортшылар арнайы медальдармен, дипломдармен және демеушілер тағайындаған қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Бұл жарыс жас спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, салауатты өмір салтын дәріптеуге, сондай-ақ ел тарихында есімі құрметпен аталатын азаматтарды ұлықтауға бағытталған тағылымды іс-шара ретінде көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.