«Жас ұрпақ ұлттық тамырдан үзілмеуі керек. Нәресте бесік жырын тыңдап өсуі тиіс». Алдыңғы буын ағалардың кейінгі жастарға айтқан аманаты осындай. Күні кеше туған жеріне жеткен композитор, Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақанов «Жамбыл» телеарнасына да арнайы уақыт бөліп келді. Ұжыммен кездесіп, «Кешкі қонақ» бағдарламасында сүбелі сұқбат құрып, әсерлі әңгіме айтты.

Ілия Жақановтың телеарнаға арнайы ат басын бұрып келуі тегін емес. Ол тек белгілі композитор, жазушы, публицист, ұлттық өнерді ұлықтаушы тұлға ғана емес, осы телевизия саласында да еңбек еткен. 1963–1984 жылдар аралығында Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетінің редакторы, аға редакторы, Қазақ радиосы музыка редакциясының бас редакторы қызметін атқарған. Күллі қазаққа сазды да назды әуендерімен танылған Ілия Жақанов қазақ руханиятының биік шыңында тұрған, саз арқылы ұлттың жанын сөйлеткен бірегей тұлғаның шығармашылық мұрасы да сан қырлы. Ол қазақтың дәстүрлі музыкасын зерттеп, сал-серілер мен халық композиторларының өмірі мен еңбектерін зерделеді.