Аналар күніне орай Сарысу ауданында Жамбыл облысының Құрметті азаматы Маралтай Райымбекұлының анасы Дариға Ақмедияқызы Сармолдаеваның 100 жылдығы тағылымды түрде аталып өтті. «Анамның сөзі» атты поэтикалық жыр кешінде анаға деген құрмет, перзенттік парыз бен отбасы құндылығы кеңінен дәріптелді.
Дариға Ақмедияқызы Сармолдаева 1926 жылы Қу-Мұңлы өңірінде дүниеге келген. 1937 жылы әкесі Ақмедияға «халық жауы» деген жалған айып тағылып, отбасы ауыр тағдырды бастан өткереді. Соған қарамастан Дариға ана өмірдің барлық қиындығына төтеп беріп, жұбайы Райымбек Ыбыраевпен бірге еңбек жолын жалғастырған.