Елордада Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанды салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаев түрік көшбасшысын жеке қарсы алды. Мәртебелі мейманның құрметіне Астананың аспаны ағайындас елдің туымен түстес қызыл және ақ жолақпен көмкерілді.

Ресми делегация мүшелерін таныстырғаннан соң, Президенттер шағын құрамда келіссөз өткізіп, қазақ-түрік серіктестігінің жаңа бағыттарын талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапардың тарихи маңызына тоқталып, қос елдің бауырлас әрі тарихы терең тамырлас екенін айтты. Қазір елімізден Анадолы аймағына 34 түрлі тауар экспортталады. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 5,4 миллиард доллардан асып, 8,8 пайызға өскен. Режеп Тайип Ердоған қазақ-түрік ынтымақтастығының берік екенін атап өтті. Алдағы уақытта тараптар өзара сауда көлемін 15 миллиард долларға жеткізуге ниетті.