Жамбыл облысында мобильді аударымдар мен көлеңкелі кәсіпкерлікке бақылау күшейтілуде. Мемлекеттік кірістер органдары тұрғындар арасында жиі туындайтын сұрақтарға жауап беріп, жаңа бақылау тетіктерін түсіндірді. Сонымен қатар өңірде адал кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған арнайы жоба іске қосылды.
2026 жылдан бастап Қазақстанда кірістер мен мүлік туралы декларация тапсырған азаматтардың қаржылық операцияларына камеральдық бақылау жүргізіледі. Яғни, жеке тұлғаның табысы мен банк арқылы өткен аударымдар көлемі салыстырылып, сәйкессіздік анықталса арнайы хабарлама жолданады. Мұндай хабарламаны алған азамат 30 жұмыс күні ішінде салық есептілігін тапсыруы немесе түсіндірме беруі тиіс. Егер талап орындалмаса, салықтық тексеру жүргізіледі.