Байзақ ауданында алғаш рет «Жас шекарашы» ұйымы ашылды. Аудандағы Нығметулла Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясы жанынан ашылған клубқа 140-қа жуық оқушы қабылданды. Білім ошағының оқушылары салттанатты түрде ант қабылдап, куәліктерін алды. Рәсімге аталған мектептің 10 және 11 сынып оқушылары қатысты.
Әскери тәрбие мен құқықтық сауаттылыққа балаларды мектеп кезден баулыған абзал. Бүгінгі ашылған әскери-патриоттық ұйымның негізі де осы. Білім ұясының жоғары сынып оқушылары сап түзеп, ант қабылдады. Бойларына «Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» деп ант берген бала жауапкершілікті сезініп өседі. Бұл рәсім – жас ұрпақтың Отанға, оның тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне деген адалдығын білдіретін маңызды сәт болды.