Кенияның шайы мен кофесі біздің ел арқылы Еуразия құрлығына тасымалдануы мүмкін. Шығыс Африка мемлекеті Қазақстанды сауда мен инвестицияны дамытудағы маңызды логистикалық хаб ретінде қарастырып отыр. Астанада екі елдің президенттері келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Кения Қазақстанның Африка құрлығындағы маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар нарықтар мен көлік бағдарларын байланыстырып, тың мүмкіндіктерге жол ашу арқылы Орталық Азия мен Африка арасына дәнекер бола аламыз деп атап өтті. Президент сауда мен инвестиция мүмкіндіктерін кеңейту үшін Іскерлік кеңес құруды ұсынды. Ал Уильям Руто Қасым-Жомарт Тоқаевпен 2023 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында кездескенін атап өтіп, сол жүздесу екі елдің қарым-қатынасын одан әрі нығайтуға негіз болғанын жеткізді. Тараптар ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, ақпараттық технологиялар, электрондық үкімет, ғарыш, қаржы және туризм секілді салаларда серіктестікті нығайту мүмкіндітерін талқылады.