«Табысты басшы болудың сыры – тынымсыз еңбек пен үздіксіз ізденіс. Көпшілікпен тіл табыса білу». Дарынды балалармен кездескен облыс әкімі олардың қойған сұрақтарына осылай деп жауап берді. Ербол Қарашөкеев бүгін аймақтың абыройын асқақтатып жүрген оқушылармен жүздесті. Еркін пікір алмасып, әсерлі әңгіме өрбітті. Үлкен өмірге қадам басқалы тұрған өрендерге үлкен сенім артып, ақ жол тіледі.
Тараздағы «Жайлы мектепте» жағымды атмосфера, бүгін. Кіл мықтылар жиналған: бұлар білім бәйгесінде бәсекелесіне дес бермей, біліктілігін дәлелдеген дарындар. Әкім жұмыс кестесінің тығыздығына қарамай, арнайы уақыт бөліп, осы озат оқушылармен кездесуге келді. Өйтпегенде ше, Жамбыл облысы 17-ші жыл қатарынан Республикада үздік олимпиадалық команда атанып отыр. Мұндай жетістікке жеткізген ұстаздар мен жеңімпаздарға құрмет те ерек.