Әр адам таңын әртүрлі бастайды. Бірі кофемен сергісе, бірі кітап оқып көңілін тыныштандырады, енді бірі спортпен ширап, жаңа күнге жігер жинайды. Мұның бәрі күнделікті үйреншікті жағдайлар. Ал Таразда таңын өзгеше бастайтын жан бар. Ол 30 жылға жуық қоғамдық көлік тізгіндеген қарапайым жүргізуші. Ерекшелігі ерте тұрып қоғамға қызмет қылғанында емес,мейірі мен кең пейілінде.
Қоғамда осындай қайрымды жандар жүргенде мейрімнің оты өшпейтініне сенгің келеді. Таңғы қарбаласпен автобусқа асыққан жолаушылар Ерлан Тілеубаевтың мешіт маңына тоқтап, қолынан келген көмегін беріп жатқанын талай рет көрген. Біреулер оны қарапайым қайырымдылық деп қабылдаса, енді бірі сол сәттен кейін өмірге басқаша қарай бастағанын айтады. Ал отбасы да әкесінің әрекетін мақтан тұтады.