Қырық екі жыл бойы құжатсыз өмір сүру — қоғамда бар бола тұра, мемлекет үшін көзге көрінбейтін адамға айналу. Жамбыл облысының тұрғыны Самат Жанеков осы уақытқа дейін жеке куәлік алмай, өмірдің талай мүмкіндігінен қағылған. Ресми жұмысқа тұра алмады, медициналық көмекке толық қол жеткізе алмады, тіпті қарапайым азаматтық құқықтарды пайдалану да мұңға айналған. Тағдыр тауқыметімен жалғыз қалған азаматтың өмірі енді жаңа арнаға бет бұрды. Оның таза парақтан басталған жаңа өміріне полиция қызметкерлері себеп болды.

Қырық екі жастағы Самат Жанеков соңғы бірнеше жылын Қордай ауданындағы шалғай таулы аймақта өткізген. Мал бағып күнелткен. Баспанасыз, тұрақты табыссыз және ең бастысы — өзінің кім екенін дәлелдейтін бірде-бір құжатсыз өмір сүрді. Саматтың айтуынша, қиын тұрмыс жағдайына байланысты ол жылдар бойы мәселелерімен жалғыз қалып, өмірін өзгертемін деген үміттен де айырылған. Ер адамды қайтадан құқықтық кеңістікке қайтару үшін Қордай аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметі ауқымды жұмыс жүргізген. Тәртіп сақшылары архив құжаттарын мұқият зерттеп, жеке деректерді тексеріп, түрлі мекемелерге сұраныс жолдаған. Іске «Аяла» отбасыны қолдау орталығының өкілдері де атсалысты. Қазір Самат Жанековтің құқықтық мәртебесі ресми түрде анықталды. Ол — Қазақстан Республикасының толыққанды азаматы. Алдағы жоспары да көп. Ең бастысы — тұрақты жұмыс тауып, өз баспанасына қол жеткізу. Полицейлер құжатсыз қалу — тығырық емес екенін айтады. Ең маңыздысы — дер кезінде көмекке жүгіну. Ал көші-қон қызметі мұндай әрбір жағдайды жіті қарап, нақты көмек көрсетуге дайын екендерін жеткізді.