Бүгінде саналы, жауапты, адал, білікті азамат бейнесін қалыптастыру, жастардың құқықтық ойлауын дамыту бағытында еліміздің орта білім мекемелерінде «Жас кадет», «Жас сақшы», «Прокурордың жас көмекшісі» секілді жобалар жүзеге асырылуда. Осындай бастама барысында Шу ауданындағы М.Мақатаев атындағы трек мектебінде «Прокурордың жас көмекшісі» атты арнайы сынып ашылды. Мұнда оқушылар құқық қорғау органдарының қызметімен жақынырақ танысып қана қоймай, прокуратура жұмысының негізгі бағыттарын меңгереді.

Білім ошағында ұйымдастырылған маңызды салтанатты жиынға аудан прокуроры, аудандық білім бөлімінің басшысы мен Шу ауданы әкімінің орынбасары қатысты. Қонақтар оқушыларға кеңестер беріп, құқықтық білім алудың маңыздылығын түсіндірді. Бас прокурор өз сөзінде бүгінгі бастама құқықтық мемлекет негіздерін бала кезден қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.