Мемлекеттік қызметшілер үшін жаңа мансаптық өсу тетігі енгізіледі. Яғни, қызметкерлер тек жоғары лауазымға тағайындалу арқылы ғана емес, бір лауазым шеңберінде лауазымдық деңгейін көтеру арқылы да мансаптық ілгерілеуге мүмкіндік алады. Жалақы мөлшері осы деңгейге байланысты белгіленеді. Бұл туралы мемелекет басшысы жақында қол қойған «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда жазылған.
Жаңа Заңның негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік қызметтің миссиясын бекіту, азаматтармен өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшу, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру. Құжатта мемлекеттік қызметшілердің адалдығы мен әдептілігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған мінсіз бедел институтын енгізу көзделген. Маңызды жаңашылдықтардың бірі – мемлекеттік қызметке іріктеуді толық цифрлық форматқа көшіру. Енді үміткерлерді іріктеу «Е-қызмет» интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.