Жастар ән шырқап, тұрғындар серуендейтін саябақ алдағы күндері еске алу алаңына айналады. Тараздың қақ ортасында орналасқан Жеңіс саябағында 9 мамыр — Жеңіс күніне орай қала тұрғындары мен қонақтары жиналып, қан майданда ерлікпен қаза тапқан батырлардың рухына тағзым етеді. Бұл тарихи орынның қала тұрғындары үшін маңызы зор.

Жеңіс саябағына даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының есімі берілген. Демалыс орны Әулиеата ауданында, Жансүгіров пен Тұрысова көшелерінің қиылысында орналасқан. Саябақтың аумағы шамамен 20 гектарды құрайды. Бұл — қаладағы ең ірі жасыл аймақтардың бірі. Мұнда №12, 46 және 50 бағытындағы автобустар арқылы жетуге болады. Саябақ 1 және 3-шағынаудандардың маңында орналасқандықтан, көптеген тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналған.