Айшабибі ауылындағы №7 орта мектепте мазмұнды кездесу өтті. Оқушылар аталған ауылда дүниеге келген ағайынды былғары қолғап шеберлері Айбек және Нұрбек Оралбайлармен жүздесіп, олардың спорттағы жетістіктері мен өмір жолы туралы кеңінен мәлімет алды.

Кездесу барысында қонақтар бокстағы табыстарын атап өтті. Айбек пен Нұрбек – әлемдік деңгейде ел намысын қорғап, жүлделі орындарға ие болған, Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсеткен білікті спортшылар. Олар түрлі турнирлерде жоғары нәтиже көрсетіп, өз саласында үздіктер қатарынан көрініп жүргенін оқушылар жатқа біледі.