Қазақстан ІТ қызмет экспортынан 1 млрд доллар пайда тапты. Яғни, шетелдік компаниялар отандық ІТ қызметтер үшін осыншама ақша төлеген. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Жиында экономика салаларына жасынды интеллектіні енгізу мәселелері қаралды. Бүгінде «Digital Qazaqstan» стратегиясы әзірленіп жатыр. Отырыста суперкомпьютерлерді тиімді пайдалану және Павлодар облысында деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселесі талқыланып, тиісті министрліктерге бизнеске мемлекеттік деректерге қолжетімділікті жеңілдету және «data-lake» жүйелерін құру тапсырылды. Премьер-министр ЖИ-ді енгізуде жеке сектордың рөлі маңызды екенін айтып, кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін әзірлеуді жүктеді. Сонымен қатар мамандарды даярлау, дербес деректерді қорғау және жасанды интеллектіні экономикалық жоспарлау жүйесіне енгізу бағытында нақты тапсырмалар берілді. Жұмысты үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары Жаслан Мәдиевке жүктелді.