ҚР-ның 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының мерзімі биыл аяқталмақ. Осыған орай, алдағы кезеңге арналған жаңа Тұжырымдаманың мазмұнын сапалы әзірлеу қазіргі күннің еншісінде. Бүгін Таразда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы бағдарламалық құжатты әзірлеу тәсілдерін талқылау» тақырыбында диалог алаңы өтті.

Жиынға Жамбыл облысындағы жоғары оқу орындарының ректорлары, профессор-оқытушылар құрамы, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері және үкіметтік емес ұйымдардың белсенділері қатысты. Кездесу барысында: Заңнаманы жетілдіру, сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейтудің нақты құқықтық тетіктерін енгізу, академиялық адалдық, білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыру сияқты келелі мәселелер қарастырылды. Диалог алаңында айтылған әрбір азаматтың ұсыныстары сарапталып, жаңа бағдарламалық құжаттың жобасына енгізу үшін құзырлы органдарға жолданады. Қатысушылар бұл бастама жемқорлыққа қарсы саясаттың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам екенін атап өтті.