Жамбылдық ардагерлер егде жасқа келсе де жігерлері жасымай жарысқа қатысып, бақ сынап жүр. Қалалық спартакиада да қариялар спорт алаңында өз шеберліктерін көрсетіп, көпшілікке үлгі болды.

Спартакиаданың негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, ардагерлердің белсенділігін арттыру және жастарға өнеге көрсету. Жарыс бағдарламасы сегіз спорт түрін қамтыды. Қатысушылар шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, асық ату, бильярд, үстел теннисі, дартс және волейболдан сынға түсті. Әсіресе ұлттық ойын түрлерінен ардагерлердің шеберлігі байқалды.