Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік ассамблеясының өкілдері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасын қолдауға шақырды. Өңірлік экологиялық саммит аясында Парламент Сенатының спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен дөңгелек үстел өтті. Онда Парламенттік дипломатияның климаттық сын-қатерлерді еңсеру жолындағы рөлі және Орталық Азияның орнықты даму перспективалары талқыланды. Шараға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік ассамблеясы, Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің басшылығы, ғылыми орталықтар мен белгілі сарапшылар қатысты. Сенат төрағасы Қазақстанның тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Арал қасіреті мен Семейдегі ядролық сынақтардың зардаптарын еңсеруге басымдық беріп келе жатқанына арнайы тоқталды. Сондай-ақ, өңірдегі су ресурстарына қатысты түйткілді мәселелер мен азық-түлік қауіпсіздігі сөз болды.