Бүгін көне шаһарда «Тараз – қолөнершілер қаласы» IV Халықаралық қолөнершілер фестивалі бастау алды. Ауқымды іс-шараға Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстан мемлекеттерінен шеберлер келіп, бір шаңырақ астында алуан мәдениет тоғысады. Түркі жұртына тән дәстүрлі өнерді дәріптейтін фестивальде бұдан бөлек қандай жаңашылдықтар бар? Биылғы көрме несімен ерекше?
Тараз қаласы 2022 жылы «Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы» мәртебесін алған. Соған сай кезекті фестиваль көне шаһарда 4-ші рет өткелі тұр. Іс-шаралардың негізгі бөлігі «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде ұйымдастырылуда. Бұл аумақта этно-қалашық бой көтеріп, ұлттық нақыштағы киіз үйлер тігілді. Биыл Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен шеберлер келіп қайталанбас туындыларын көпшілік назарына ұсынады. Аталған фестиваль шеберлер үшін шығармашылық диалог құруына, тәжірибе алмасуына және жаңа серіктестіктер қалыптастыруына мүмкіндік береді.