"Жамбыл менің жай атым, халық менің шын атым!" атты жылдағы дәстүрге сай Тараз төрінде Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына орай халықаралық ақындар айтысы аяқталды. Өткір тілді дүлдүлдер мен домбыраның күмбіріне жұрт сүйсінді. 9 сағатқа жалғасқан Тараздағы сөз сүлейлері сайысының бас жүлдесі Жанерке Қамбарға бұйырды.
Биылғы жыр додасында ойдың тұнығын, сөздің шымырын терген 12 ақын бақ сынаса, біздің өңірдің намысын 4 ақын қорғады. Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, Қазақ айтыс өнерінің жанашыры Жүрсін Ерман қазылар алқасының төрағасы. Сондай-ақ бұл дүбірлі додада еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған от ауызды, орақ тілді ақындар ұмытылмас дәстүрді дәріптеді.