Елімізде ауыл шаруашылығын цифрлық трансформациялаудың арнайы картасы әзірленіп жатыр. Жақында тұтынушы QR-код арқылы төрт түліктің туғаннан бастап, бордақылауға дейінгі барлық тарихын көре алады. Ал егіс алқабындағы жұмыс барысы, өнімді сақтау мен өткізу процестері біртұтас деректер базасына жинақталады. Астанада өтіп жатқан өңірлік семинарда халықаралық сарапшылар Қазақстаннның ауыл шаруашылығындағы цифрландыру қарқынын жоғары бағалады. Онда ауыл шаруашылығы жерлерін спутниктік мониторингтеу, субсидиялау жүйелерін цифрландыру, фермерлерді қолдаудың онлайн платформалары, сондай-ақ төрт түлікті цифрлық сәйкестендіру және қадағалау жүйелері қарастырылды. Жасанды интеллектіні қолдану арқылы азық-түлік қауіпсіздігін нығайту да басты назарда. Бүгінде елімізде 200-ден астам смарт-ферма жұмыс істеп тұр. 650-ден астам шаруашылық толық цифрландырылмақ.