Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысып, экобелсенділермен бірге ағаш отырғызды. Шара барысында Астана қаласы мен бірқатар өңір әкімдері Президентке атқарылған жұмыс жөнінде есеп берді. Жалпыұлттық қозғалыс аясында елдің тазалығына үлес қосып жүрген белсенді еріктілер марапатталды.
Елорданың сол жағалауына көрік беріп, қаланың ажарын аша түскен «Самал» саябағы бүгінде тұрғындардың сүйікті орны. Ересектер көлеңкеде отырып таза ауамен тыныстаса, жастар велосипед теуіп, скейтбордпен сырғып мәз. Бүгін олардың қатарына экобелсенділер қосылды. Демалу үшін емес, қолдарына күрек алып, айналаны абаттандыру үшін.