Бағым да, тағым да - Халық деп жырлаған ақын, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының, “Құрмет” орденінің иегері Ғайни Әлімбекқызы өз туған жері Байзақ ауданында шығармашылық кешін өткізді. Зейнет жасына жетсе де, қос саланы қатар алып келе жатқан сыршыл ақынға жерлестері құрмет көрсетті, жауһар жырларын тыңдады.
Ақындар мен батырлардың киелі мекені болған Байзақтан лирик ақын Ғайни Әлімбекқызы да шыққан. Ол – елге белгілі тұлғалардың аруағы қолдаған, жақсы жандардың жолын жалғаған ақын. Журналистика мен ақындық өнерді жанына серік еткен, өмірі - өлең-өрнек, жүрегі жауһар жырларға тұнған Ғайни ақынды өз жерлестері зор құрметпен, ыстық ықыласпен қарсы алды. Әдеби кеште әдемі жырлар оқылып, ақынның сөзіне жазылған әуезді әндер шырқалды.