Қазақстан мен Тәжікстан әскери және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтеді. Бүгін Сенат екі ел арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялады. Бұл келісімге мемлекет басшылары 2024 жылғы 22 тамызда Душанбе қаласында қол қойған. 26 баптан тұратын құжат әскери, сауда-экономикалық, ауыл шаруашылығы, көлік-транзит, энергетика, экология, цифрландыру, білім беру мен мәдени-гуманитарлық бағыттарды қамтиды. Соңғы жылдары тауар айналымы жыл сайын 1 миллиард доллардан асып отыр. Енді тараптар бұл көрсеткішті 2 миллиард долларға жеткізуді көздейді. Мәулен Әшімбаев Заң мақұлданып, күшіне енгеннен кейін, экономикалық байланыстар мен жаңа инвестициялық жобалар қарқын алатынына сенім білдірді.