Көлігіңізді тұраққа дұрыс қоймасаңыз, айыппұл арқалайсыз! Бұл аз десеңіз айыптұрақтан бірақ шығуыңыз мүмкін. Жамбылдық полицейлер осылай деп дабыл қақты. Ия, күн өткен сайын Таразда көліктің саны артып, тұрақ мәселесі өзекті болып тұр. Себебі, жол жиегіне, тыйым салынған орындарға көлікті бей-берекет қалдыратын жүргізушілер саны артқан. Енді не істемек керек?
Таразда көлігін жол жиегіне тастап, немесе тұрақтың өзіне дұрыс қоймайтын жүргізушілер жетерлік. Оны күнделікті өмірде көріп те біліп те жүрміз. Дегенімен, енді заң кешірмейді сізді. Бұл үшін төлейтін айппұл 5 АЕК 2026 жылғы есеп бойынша 18 460 теңгені құрайды. Егер айппұлды 7 күн ішінде төлесеңіз 50% жеңілдік беріледі. Алайда айыппұлға қарамастан бұл мәселе әлі де өзекті, әзірге шешілер емес.