Бүгін Абай облысына ҚР Премьер-Министрі, Олжас Бектенов барды. Сапар аясында «Семей орманы» резерваты аумағында табиғи өрттің алдын алу бойынша оқу-жаттығуға қатысты. Үкімет басшысы Алакөл туристік аумағын дамытудың кешенді жоспарымен танысып, Семей қаласы әкімшілік іскерлік орталығын дамыту жобаларын көрді. Сондай-ақ Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізді.
Үкімет басшысы «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватында орманды қорғау мен сақтаудағы заманауи цифрлық технологиялардың енгізілуін тексерді. Шара кезінде табиғи өрттердің алдын алу және ерте анықтау жүйесі таныстырылды. Жалпы аумағы 656 мың гектардан асатын орман алқабында заманауи бақылау жүйесі енгізілген. Қазір мұнда 510 мың гектарды қадағалайтын 37 бейнекамера жұмыс істейді.