«Стресске төзімділік және кәсіби күйіп кетудің алдын алу. Уақытты тиімді басқару және прокрастинация. Инновациялық технологиялар». Дәл осындай тақырыпта Таразда салалық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен көшбасшыларының қатысуымен аймақаралық семинар-тренинг өтті. Онда сала мамандары кәсіби және тұлғалық құзыреттерін арттырып, стресс жағдайында тиімді жұмыс істеу дағдыларын дамыту бойынша заманауи тәсілдерді меңгерді. Семинарға Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының өкілдері қатысты.

Тренинг спикері – PhD докторы, адами ресурстарды басқару жөніндегі сарапшы Гүлзи Нәби қатысушылармен тәжірибелік бағытта жұмыс жүргізді. Бағдарлама аясында тимбилдинг ұйымдастырылып, стресс пен кәсіби күйіп кетудің себептері, белгілері және оның алдын алу жолдары кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, брейнсторминг, топтық және жеке жұмыстар бойынша тәжірибелер ортаға салынып, уақытты тиімді басқару, прокрастинацияны жеңу және ЖИ технологияларын қолдану бағытында практикалық тапсырмалар орындалды. Мұндай іс-шаралар еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғауда, еңбек қатынастарын реттеуде және жұмысты жүйелі әрі тиімді ұйымдастыруда маңызды рөл атқармақ.