Аймаққа 450 млрд теңге инвестиция тартылады. Нақтырақ айтсақ, Жамбыл облысында жоғары энергетикалық материалдар өндіретін екі зауыт салынады. Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев пен «Barys Dynamics» холдингінің басшысы Айбек Барыс өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Кездесу барысында тараптар өнеркәсіп және қорғаныс-өнеркәсіп секторында сұранысқа ие өнімдер шығаратын жоғары технологиялық өндірістік кешен салуды көздейтін инвестициялық жобаны талқылады. Жоба төрт кезеңде жүзеге асырылады. Нәтижесінде шамамен 1100 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл халықты жұмыспен қамтуға оң әсерін тигізіп, жергілікті мамандардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 450 миллиард теңгені құрайды.