Тараз қаласында өткен «ALASH PRIDE FC» лигасында Жамбыл облысы ПД жас боксшы Бауыржан Әли жарқын жеңісімен ерекшеленді. Ол қарсыласын 57 секундта нокаутқа жіберді.

Бүгінде ҚР ІІМ Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының 3-курс курсанты, полиция сержанты жекпе-жекті алғашқы раундтың 57-ші секундында аяқтап, қарсыласы – Тәжікстан спортшысы Раджаббой Ахмедовті нокаутқа түсірді. Жекпе-жек басталған сәттен-ақ Бауыржан қарсыласына үстемдік танытып, дәл әрі ауыр соққыларымен оны есеңгіретіп жіберді. Төреші қарсылас боксшының жұдырықтасуды жалғастыруға мүмкіндігі жоқ екенін байқап, бірден нокаут жариялады. Айта кету керек, Бауыржан Әли бұған дейін Қарағанды қаласында өткен Жарылғаповты еске алуға арналған халықаралық турнирде чемпион атанып, кәсіпқой боксқа қатысу лицензиясын иеленген. Ол – Қазақстан Республикасының спорт шебері, ел чемпионы және халықаралық, республикалық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы. Жас спортшы бүгінде Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі. Бауыржан оқу мен спортты қатар алып жүріп, халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап келеді.