Бүгін балабақша бүлдіршіндері тал егіп, табиғатқа жанашырлық үлгісін көрсетті. Бұл игі іс «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылды.
Іс-шараға «Жомарт жан» облыстық орталығының мүшелері, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері және балабақша ұжымы қатысты. Тараз қаласындағы №33 «Айсәуле» мектепке дейінгі мекемесінің ауласы ерекше қарбаласқа толды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында балабақша ауласына 15 шырша көшеті отырғызылды. Ұйымдастырушылармен қатар жүріп бүлдіршіндер де көшеттерді суғарып акцияға ерекше ықыласпен қатысты.