«Жақсы әке – жарқын болашақ». Дәл осы атаумен Байзақ ауданында әкелер форумы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасындағы әкенің рөлін айқындап, әке мен бала арасындағы рухани байланысты нығайту, жас ұрпаққа әкелік жауапкершіліктің мәнін терең түсіндіру болды. Форумға арнайы шақырылған қонақтармен қатар студенттердің әкелері де қатысып, өзара пікір алмасуға мүмкіндік алды.
Кездесу барысында қоғамға танымал азаматтар сөз сөйлеп, әке тәрбиесінің маңызына тоқталды. Олардың қатарында әлем және Азия чемпионы Асланбек Шымбергенов, «Әкелер кеңесінің» төрағасы Мұхтар Қилыбаев және бірқатар азаматтар қатысты. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, отбасы құндылықтарын сақтау мен бала тәрбиесіндегі әкенің орны ерекше екенін атап өтті.