Мойынқұм ауданында ҚР Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың 60 жылдығына арналған тағылымды іс-шаралар өтті. Алғашқы шаралардың тізбегі Бірлік ауылындағы батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Жиналған қауым Желтоқсан қаһарманының ерлігін еске алып, рухына тағзым етті.
Одан кейін батырдың мерейтойына орай жасөспірімдер арасында кіші футболдан аудандық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Содан соң мерекелік шара мектептің акт залында жалғасып, арнайы қойылымдық кешке ұласты. Онда Желтоқсан оқиғасы кезіндегі тарихи сәттер сахналық көріністер арқылы бейнеленіп, батырдың қайсарлығы мен ел тәуелсіздігі жолындағы ерлігі көрерменге әсерлі түрде жеткізілді.