Тіршіліктің тамыры – төрт түлікпен сабақтас ауыл үшін мал амандығы қашанда бірінші орында. Еңбек пен берекенің қайнар көзі саналатын шаруашылықтың өрісі кеңейіп, кәсібі дами түсуі үшін ветеринариялық қызметтің қолжетімді болуы аса маңызды. Осы орайда Меркі ауданы орталығынан 27 шақырым қашықтықта орналасқан Андас батыр ауылында жаңа мал дәрігерлік дәріхана ашылды.
Жаңа дәріханада ауыл шаруашылығы жануарлары мен үй жануарларына қажетті дәрі-дәрмектердің кең ауқымды түрлері ұсынылған. Атап айтқанда, ірі қара, жылқы, қой, сиыр және құс шаруашылығына арналған ветеринариялық препараттармен қатар, ит пен мысыққа қажетті дәрумендер мен минералдық қоспалар, түрлі емдік және алдын алу құралдары бар. Сонымен бірге мал күтіміне арналған құрал-жабдықтар, оның ішінде жылқы мен ірі қараға қажетті үзеңгі, бау және басқа да керек-жарақтар қарастырылған.