Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық Коалициясы Жамбыл облысына келді. Өңірде Коалиция мүшелері жұртшылықпен, жастармен, еңбек ұжымдарымен және шағын бизнес өкілдерімен әңгімелесті. Кездесуге қатысушылар жаңа Конституция мемлекеттің ұзақ мерзімге негізделген ұлттық мүддесіне толық сай келетінін атап өтті.

«Көне Тараз» кешенінде өткен жұртшылықпен кездесуге облыстың шамамен 500 тұрғыны – зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, медицина қызметкерлері, педагогтар және өзге де азаматтар қатысты. Өз кезегінде Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент қызметіне кіріскен сәтінен бастап жаңа Конституцияның негізі қалана бастағанын, ал құжаттың өзі ауқымды қоғамдық диалогтың нәтижесіне айналғанын атап өтті.